Президент бастамасымен Қазақстан табиғат қорғаушыларының тұңғыш премиясы табысталды

Нұр-Сұлтан қаласында үздік инспекторларға, орманшыларға және табиғатты қорғауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін сақтау саласындағы “Елім-ай” сыйлығы берілді.

Шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Республика. Аймақ. Даму» қоғамдық қоры ұйытқы болды.

“Елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тұңғыш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» сыйлығын табыстау арқылы біз саладағы үздік мамандарды, жануарларға, жабайы табиғатқа, экологияға жаны ашып, өз еріктерімен қоғамдық істердің басында жүрген азаматтардың еңбегін атап өткіміз келді», – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев іс-шараның ашылу салтанатында.

Экология министрлігі «Елім-ай» сыйлығы шарасын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізбек ниетте.

«Біздің министрлік алдына экология саласындағы қызметкерлердің, экобелсенділердің статусын көтеру міндетін қойып отыр. Сала мамандарының материалдық жағдайын көтеруге қатысты қадамдар жасалды. Браконьерлік үшін жаза қатайтылды. Өткен жылы ақбөкендерді қорғау жолында қорықшыларымыз – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың браконьерлер қолынан қаза тапқанын ешкім ұмытқан жоқ. Бұл – инспекторлардың мәртебесін жоғарылату жолындағы белсенді жұмысты жалғастыруымыз қажеттігінің үлкен белгісі», – деп атап өтті министр.

Номинантттарға сыйлықты ҚР ЭГТРМ Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев, Ольга Шишигина, Микаелян Наринэ, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов, Олимпиада чемпионы Василий Левит, Nur Media холдингінің басшысы Болат Кальянбеков және басқа да қоғам қайраткерлері табыстады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 18 қазанда аталып өткен орман шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен құттықтады.

«Төл мереке өз жалғасын бүгінгі күні де табуда. Бұл өздерінің табандылықтары арқылы еліміздің орман байлығын қорғап, көбейтіп жүрген азаматтардың мерекесі. Еліміздің баға жетпес байлығы мен табиғаты арасында, Орман-тоғай – Жер-Ананың адамзатқа берген сыйының бірі. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – адамзатқа, ұрпағымызға парыз», – деді ол өз сөзінде.

«Елім-ай» сыйлығы 16 номинация бойынша берілді.

«Браконьерлермен күрестегі ерен ерлігі үшін» “Охотзоопром” Ақмола облыстық тірек пунктінің инспекторы Нұрбеков Достай Балғабекұлы марапатталды. Ол 2016 жылы браконьерлермен бетпе-бет келіп, мойнынан пышақ жарақатын алып, ажалдан аман қалған еді.

“Охотзоопром” ӨБ орталық аймақтық филиалының инспекторы Алиев Мұрат Қабиденұлы «Жануарлар дүниесін қорғауда «үздік инспектор» деп танылды.

Орман шаруашылығы саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан «Самар орман шаруашылығы» Коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің директоры Қабдырғалиев Еркен Чаймұратұлы «Үздік орманшы» атанды.

«Орман шаруашылығын дамытуға барын салып атсалысқалы үшін» «Семей орманы» мекемесінің Семей қалалық филиалы Батпаев орманшылығының жетекшісі Александр Трушин марапатталды.

«Орман шаруашылығына еңбегі сіңген ардагер» номинациясына «Көлсай көлдері» Мемлекеттік Ұлттық Табиғи Паркінің аға ғылыми қызметкері Ахметов Хамит Ағабекұлы ие болды. Биология ғылымдарының кандидаты 30-ға жуық ғылыми мақала жазған.

«TMT GROUP» ЖШС басшысы Тұрсынәлі Марлен Тұрсынәліұлы «Үздік балық өсіруші» деп танылды. Ал «Карагандинский рыбопитомник» ЖШС «Үздік балық тәлімбағы» атанды. Басшысы – Денис Муштаков.

«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі «Үздік ұлттық парк», «Барсакелмес» мемлекетті қорығы «Үздік қорық» аталымын алды. Сыйлық мекемелердің басшылары Дамир Малгелдиев пен Зәуреш Әлімбетоваға берілді.

«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басшысы Ержан Еркінбаевқа «Экотуризмді насихаттау бойынша үздік жоба» номинациясы берілді.

«Тамыр» жабайы табиғатта серуендей мектебі экологиялық мәдениетті көтеру және адамдардың жабайы табиғаттағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін марапатталды.

Итбалықтардың қорғаушысы ретінде танылған Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова «Экологиялық насихат бағытындағы маман» аталымына ие болды.

«Аманат пен ерік-жігер» аталымымен екі қолының жоқтығына қарамастан Ақмола облысында 18 мың ағаш отырғызып, үлгілі іспен өмірден өткен Александр Карповичтің еңбегі аталып өтілді. Сыйлық ұлына табысталды.

«Өлкетануға қосқан үлесі үшін» номинациясын «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Құрманов Алтынбек Жұматұлы алды.

«Жабайы аңдарға жасаған қамқорлығы үшін» “Сайрам-Өгем” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің биолог-аңшысы Ақынбаев Нұржан Сайранбайұлы марапатталды.

Жануарларды қорғау қауымдастығының Президенті Лилия Сәрсенова «Үй жануарларын қорғағаны үшін» номинациясын алды. Ол жануарлар паналайтын орталық ашқан.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа биылғы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екенін айтқан. Көгалдандыру ауқымын кеңейтіп, «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасы қабылданатынын жеткізген. Ал 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында Ұлттық мемлекеттік табиғи парктерде экотуризмді белсенді дамыту қажеттігін тағы да тоқталды.

Мұздың еруі

Көктемгі жылы күндері келуімен су айдындарында мұз  ери бастайды. Бұл балықшылар үшін қауіпті. Көктемгі мұзда балық аулау кезінде балықшылардың қауіпі неде?

Егер ауа температурасы 0 градустан жоғары болса, және ол кем дегенде үш күнге созылса онда мұздың беріктігі 25% төмендейді. Мұздың үсті де асты  ериді. Мұз күн сәулесінің, жаңбырдың, тұман әсерінен, сондай-ақ еріген судың есебінен бұзылады, ол мұз арқылы өтеді, оның монолитті құрылымын бұзады. Көктемгі мұз қауіптілікті ескертіп жарылмайды, ал қарапайым сыбдырмен шашылады.

Мұзға кірген кезде балықшыларға бұрын салынған жолдарды пайдалануға кеңес беріледі. Балықшылар балық  аулау жәшігін бір иыққа алу керек. Шұңқырлар мен жылымдарға жақындауға болмайды, шұңқырлар көп болған жерлерге жақындағанда сақ болу керек. Қауіп тек мұз ғана емес, көктемде құлап кетпес үшін тік жағалаулардан аулақ болған жөн.

Мұз астына түсіп кеткен адам айқалап көмекке шақыру, киім суланғанша өзін-өзі құтқару бойынша барлық шараларды қабылдау, мұзға шығып және келген жолмен қайта жүру қажет, себебі маршрут тексерілді.

Балалардың қауіпсіздігі мақсатында ата-аналар өз балаларының бос уақытын қайда өткізуді қадағалауы қажет. Су-жыл бойы тынымсыз апат, ал көктемде одан шығатын қауіп көп есе артады.

Құрметті балықшылар, сүйікті хоббиіңіз тек қуаныш әкелуі үшін, көктемгі мұзға шыққанда абай болыңыз.  Мұзға шығу кезінде сақтық шараларын сақтау, бұл төтенше жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді.

2020 жылдың 11 наурыз күні Қазақстан Республикасы  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Сагдиев Ербол Болатович «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің  бас директоры болып тағайындалды

 

Ербол Болатович 1961 жылы  Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы Өндіріс ауылында туған.

1983 ж. – «Зооинженер» мамандығы бойынша Алматы зооветиринарлық институттын;

2010 ж. – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің құрылыс бакалаврын;

2015 ж. – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің орман шаруашылығының инженері мамандығын тәмамдаған.

Осы лауазымға тағайындалға дейін Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының әкімі  болып жұмыс істеді.   «Парасат», «Құрмет», І,  ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ,  «Почетный Гражданин Зерендинского района», «Мәдениет қайраткері»  ордендарымен және басқада медальдармен марапатталған.

«КӨКШЕТАУ» МҰТП аумағында болу ережесі

Ерке сылқым күн, күмістей жарқыраған көлдердің жылы сулары, табиғаттың әсемдігі, шыбын-шіркейдің жоққа тәндігі, бүргелердің болмауы, тәжірибелі экскурсия жетекшілері және нұсқаушылар – бұлардың барлығы да жақсы демалып, күш-қуат жинауға және таңғажайып өлкеге деген ұмтылмастай әсер қалдырады.

«Табиғат- адам» арақатынасы мынаны талап етеді: көңіл аудару, ұқыппен пайдалану, өзіңді шектей білу, су қоймалары және ормандарда ережені сақтау.

Орманда барлық ережені сақтау сіздің жақсы тынығуыңыздың кепілі.

ОРМАНДЫ ӨРТТЕН САҚТАҢЫЗДАР!

Ұлттық парк аумағында тиым салынады:

  • Рұқсатсыз және жолдамасыз өз еркімен кіруге және болуға;
  • Туристік тұрақтар ұйымдастыруға, палаткалар қоюға, арнайы белгіленген жерлерден тыс от жағуға;
  • Жалпы мақсатта пайданылатын су жолдары және арнайы қарастырылған жерден тыс жерлермен май айдау, механикалық көлік құралдарымен жүру және тұрақ жасауға.
  • Арнайы бөлінген жерлерден тыс әуесқойлық, спортық, кәсіптік балық аулауға;
  • Аумақтың қорықтық тәртібіндегі жерлерде аң аулауға және қалған аумақтарда арнайы рұқсатпен ғана рұқсат етіледі;
  • Өз бетімен ағаш кесуге, ағаштарға механикалық зақым келтіруге, аумақты қоқыстандыруға, табиғат кешендеріне зиян келтіретін іс-әрекеттерді жасауға.
  • Табиғи, археологиялық, тарихи және мәдениет ескерткіштерін, шекара белгілерін, кіші архитектуралық формаларды, бұлақтарды, құмырсқаның илеулерін бұзуға және зақым келтіруге;
  • Көлдерде моторлы қайықтар және катерлермен жүзуге (құтқару қызметтері мен парктің орман қорғаушыларынан басқа);
  • Тастарға, ағаштарға өз бетімен жазу, белгі салуға
  • Көлдерде, өзендерде автокөліктерді жууға, жуу құралдарды пайдалануға

 

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі

 

Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің м. а.
2010 жылғы 1 қыркүйектегі
№ 555 бұйрығымен бекітілген

Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі

1. Жалпы ережелер

  1. Осы Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда болу ережесі (бұдан әрі – Ереже) «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабының 6-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда болу тәртібін айқындайды.

Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 25.12.2015 № 19-1/1124 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  1. Осы Ереже республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мына түрлеріне қолданылады:

табиғат қорғау мекемелері – мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер;

мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдары – мемлекеттік зоологиялық парктер, мемлекеттік ботаникалық бақтар, мемлекеттік дендрологиялық парктер (бұдан әрі – табиғат қорғау кәсіпорындары);

заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – мемлекеттік табиғат ескерткіштері, мемлекеттік табиғи қаумалдар және мемлекеттік қорық аймақтары.

  1. Мемлекеттік табиғи қорықтардың аумағында жеке тұлғалардың болуына тек ғылыми және экологиялық-ағарту мақсаттарда ғана рұқсат етіледі.
  2. Мемлекеттік табиғи қорықтың аумағында немесе оның аумағынан тысқары жерлерде орналасқан белгілі бір дін жолын ұстанушылар тәу ететін орындарға (қасиетті орындарға) қорық аумағы арқылы өтетін жолдармен кіру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтың әкімшілігі тиісті діни бірлестіктің келісімі бойынша ақы төлемей, мемлекеттік табиғи қорық инспекторларының бастап жүруімен, топпен осы орындарда болуға немесе осы орындарға жақындап келуге рұқсат берілуі мүмкін.

2. Жеке тұлғалардың табиғат қорғау мекемесінде болуы

  1. Жеке тұлғалар үшін (бұдан әрі – келушілер) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың (бұдан әрі – ЕҚТА) түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне байланысты табиғат қорғау мекемесінің аумағында болу кезінде мынадай іс-әрекеттер жасауға рұқсат етіледі:

1) ЕҚТА орман және дала жолдарымен, жалпы жұрт пайдаланатын жолдармен және экскурсиялық маршруттардың арнайы жолдарымен, механикаландырылған көлiкпен және салт атпен жүру, қорықтық күзет режимi бар учаскелерден басқа, арнайы жабдықталған орындарда аялдау;

2) белгіленген туристік маршруттармен және соқпақтармен табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен алдын-ала келісілген, ЕҚТА экскурсия ұйымдастырушыларының немесе инспектор-гидтерінің бастап жүруімен ұйымдасқан экскурсиялар мен туристік жорықтар өткізу;

3) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша су айдындарында тек қана моторсыз жүзу құралдарымен жылжу;

4) әуесқойлық (спорттық) балық аулау.

Мемлекеттік табиғи қорықтарда әуесқойлық балық аулау Заңның 43-1-бабына сәйкес жүзеге асырылады;

5) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде, осыған арнайы бөлінген орындарда жабайы жемістер, жидектер, саңырауқұлақтар, дәрі-дәрмектік өсімдіктер, шөп шабу, отын дайындау және дәстүрлі табиғат пайдаланудың басқа түрлері;

6) табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігімен келісім бойынша спорттық және экологиялық-ағарту іс-шараларын, туристік слеттер өткізу;

7) кәсіби және әуесқойлық фото-бейне түсірімдер жүргізу;

8) оқу практикаларын өткізу;

9) қорықтық күзет режимі бар учаскелерден басқа жерлерде оқу мақсаттары үшін гербарий жинау, топырақ үлгілерін іріктеу;

10) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында көзделген өзге де қызметтер.

Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2012.10.02 № 17-02/489 (алғаш ресми жариялаған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

  1. ЕҚТА-ның түріне және күзеттің белгіленген құқықтық режиміне байланысты табиғат қорғау мекемесінің аумағында:

1) ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжаттарсыз ЕҚТА-да болуға;

2) ЕҚТА орман және дала жолдарымен, жалпы жұрт пайдаланатын жолдардан немесе арнайы экскурсиялық соқпақтар мен туристiк маршруттардан тыс жерлерге келiп кiруге және олар арқылы жүрiп өтуге;

3) белгіленген орындардан тыс жерлерге автокөлік және басқа да механикалық құралдар қоюға;

4) автокөлікті және басқа да механикалық құралдарды су айдындары жағалауына қоюға және жууға, ыдыс-аяқ жууға, кір жууға, үй жануарларын шомылдыруға;

5) су айдындарында, ЕҚТА-ны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция пайдаланатын моторлы жүзу құралдарынан басқа, моторлы яхталардың, катерлердің, моторлы қайықтардың, скутерлердің, квадроциклдердің болуына;

6) арнайы белгіленген және жабдықталған орындардан тыс жерлерде тағам әзірлеу үшін от жағуға, мангал, ошақ орнатуға;

7) осы мақсаттар үшін белгіленген орындардан тыс жерлерде аялдау орындарын жабдықтауға, шатырлар тігуге;

8) торлармен және басқа тыйым салынған құралдармен және жабдықтармен балық аулауға;

9) тиісті рұқсатсыз жабайы жануарларды алып қоюға;

10) жабайы жануарларды үркітуге және қоректендіруге;

11) ұяларды, індерді, апандарды және құмырсқа илеулерін бүлдіруге;

12) ағаштар мен бұталарды кесуге, сындыруға және оларға зақым келтіруге, тұрмыстық қажеттілік үшін сыпыртқылар мен сыпырғыштарға шыбықтар дайындауға;

13) табиғат, тарих, мәдениет және археология ескерткіштерін қиратуға және бүлдіруге;

14) рұқсат етілген жинау орындарынан тыс жерлерде жабайы өсетін ағаш, бұта, шөп өсімдіктерін және дәрі-дәрмектік шикізат жинауға және қазып алуға;

15) осы үшін арнайы бөлінген орындардан басқа жерлерде жабайы өсетін жемістер, саңырауқұлақтар және жидектер жинауға;

16) көрнекі үгіт құралдарын (стенділер, паннолар, аншлагтар және басқалар), орман орналастыру, орман шаруашылығы және жерге орналастыру белгілерін қиратуға және бүлдіруге;

17) құрылыстарға, ағаштарға, тастарға және жартастарға жазулар жазуға және суреттер салуға;

18) өз бетімен мал жаюға, шөп жинауға, сүрек дайындауға және басқа да заңсыз орман пайдалануға;

19) топырақ қабатын тұрмыстық қоқыспен және қалдықпен ластауға;

20) «Жасанды жолмен жасалатын шудың және өзге де акустикалық әсерлердің нормаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/899 бұйрығымен бекiтiлген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12387 болып тіркелген) шудың және өзге де жасанды акустикалық әсерлердiң нормаларына сәйкес қоршаған ортаға шу шығаратын және басқа да акустикалық әсерлердi қолдану;

21) мемлекеттік табиғи-қорық қоры мен табиғи кешендер объектілерінің табиғи дамуын және сақталуын бұзатын өзге қызметтерге жол берілмейді.

Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2012.10.02 № 17-02/489 (алғаш ресми жариялаған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қолданысқа енгізіледі); 25.12.2015 № 19-1/1124 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

  1. Келушіде ЕҚТА-ны ғылыми, экологиялық-ағарту, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ақы төлегені туралы растайтын құжаттың болуы табиғат қорғау мекемесінің аумағына келуге негіз болып табылады.

ЕҚТА-ны пайдалану үшін ақы төлегенін растайтын құжат келушінің болу мерзімінің соңына дейін сақталуы тиіс.

  1. ЕҚТА шекарасында орналасқан елді мекендерде тұрақты тұратын және(немесе) саяжай учаскелері бар жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
  2. Рекреациялық жүктеменің жол берілетін нормаларына байланысты келушілер легін реттеп отыру мақсатында табиғат қорғау мекемесінің әкімшілігі осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша Келушілерді есепке алу журналын (бұдан әрі – Журнал) жүргізеді.

Журнал нөмірленеді, жіппен байланады және оған табиғат қорғау мекемесінің мөрі басылады.

3. Жеке тұлғалардың табиғат қорғау кәсіпорнының
аумағында болуы

  1. Табиғат қорғау кәсіпорнының аумағында:

1) арнайы бөлінген асфальт төселген немесе қара жолдармен жүріп өтуге;

2) арнайы бөлінген орындарда өсімдіктер, жануарлар коллекцияларын қарап көруге;

3) табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігімен келісім бойынша экспозициялар мен коллекциялардағы өсімдіктерді, жартылай еркін және жасанды жағдайларда ұсталатын жануарларды суретке және бейне таспаға түсіруге;

4) ЕҚТА паспортында немесе табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігі белгілеген аумақта болудың ішкі тәртібінде көзделген өзге де қызметке жол беріледі.

  1. Мемлекеттік зоологиялық парктердің аумағында жануарларды және келушілердің жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында:

1) радиоқабылдағыштар мен магнитофондарды қосуға, музыкалық аспаптарда ойнауға;

2) жануарларды қоректендіруге, ызаландыруға және үркітуге;

3) жануарлар тұруға арналған арнайы қоршалған үй-жайларға бөтен заттар лақтыруға;

4) жабайы жануарлар бар үй-жайлардың торлары мен шарбақтарына сүйеніп тұруға, сондай-ақ орнатылған қоршаулар арқылы аяқ-қолды созуға, қолжетімді жануарлармен байланыс жасау үшін қол созуға және оларды әртүрлі заттармен (қолшатырмен, таяқпен және басқа заттар) түрткілеуге;

5) штативтер мен жарқылдауық шамдарды қолданып, жануарларды суретке түсіруге;

6) жануарларды ұстауға арналған үй-жайлардың және басқа да құрылыстардың орнатылған кедергілері мен қоршаулары арқылы кіруге немесе секіріп түсуге;

7) жануарларды ұстауға арналған үй-жайлардың маңайында орнатылған кедергілерге, дуалдарға, қоршауларға балаларды тұрғызуға және отырғызуға;

8) балаларды, әсіресе кішкентай балаларды қараусыз қалдыруға және оларға парк аумағында орналасқан жануарларды өз бетімен тамашалауға рұқсат етуге;

9) көгалдармен жүруге, ағаш және шөп екпелерін бүлдіруге;

10) өзімен бірге үй жануарларын әкелуге немесе ертіп жүруге;

11) бақ-парк мүлкінің орнын ауыстыруға;

12) жануарлар бар қоршаулар мен торлардың қасында кезекшілерімен сөйлесуге, жануарларды қорғау жөніндегі қызметінен олардың назарын басқа жаққа аударуға;

13) экскурсия ұйымдастырушылары мен күзет қызметі қызметкерлерінің талаптарын орындамауға жол берілмейді.

  1. Мемлекеттік ботаникалық бақтар мен мемлекеттік дендрологиялық парктердің аумағында:

1) гербарийлік материал жинауды қоса алғанда, ағаш және шөп өсімдіктерін алып қоюға және бүлдіруге;

2) жемістер, тұқымдар жинауға;

3) табиғат қорғау кәсіпорнының әкімшілігімен келісіп алмай табиғи және мәдени объектілерді суретке және бейне таспаға түсіруге;

4) топырақ қабатын қоқыспен және тұрмыстық қалдықпен ластауға;

5) кәсіпорынның экскурсия ұйымдастырушылары мен күзет қызметі қызметкерлерінің талаптарын орындамауға жол берілмейді.

4. Жеке тұлғалардың заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақта болуы

  1. Заңды тұлға мәртебесі жоқ ЕҚТА аумағында болу тиісті ЕҚТА түрлерін қорғау және пайдалану режимінің ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сақталуы жағдайында, осы ЕҚТА-ның паспортына сәйкес жүзеге асырылады.