[bvi text="Версия для слабовидящих"]

РГУ "Государственный национальный природный парк "Кокшетау"

06.02.2023

«Кәрі көлдердің» мұңына құлақ асатын кімдер бар?!.

Сексен көлді омырауына сексен алқа етіп таққан көрікті Көкше өңірінде әкімшілік-аумақтық өзгеріске ұшырамай тұрған кездің өзінде  1520-ға жуық көл болған екен. Қазір сол айдын шалқарлардың төрт жүздейі ғана сақталып қалған.  Қалғаны, оның ішінде дені дала көлдері құрғап кетіпті.

Мамандардың пайымдауына қарағанда, үзіліп түскен моншақтай күміс көлдердің тартылуының немесе құрғауының бір себебі, тың және тыңайған жерлерді жөн-жосықсыз игеруден басталады екен. Егістік танаптары дала көлдерінің жағасына дейін тақап жыртылып, көлді қоректендіретін бұлақ көздері бітеліп, табиғи су жолдары біржола жабылған. Егістікке себілетін саналуан химиялық тыңайтқыштар желмен ұшып, тұнық, тұйық көлдерді ластаған. Ағын су қосылмайтын немесе өзінен су ағып шықпайтын томаға тұйық көлдерді экологтардың тілінде «кәрі көлдер» деп атайды. Тың игеру жылдарынан бастап «кәрі көлдердің» адам жанын жүдететін, табиғаттың ту-талақайы шыққан қасіреті басталады.

Бүгінде «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің аумағында Зеренді, Имантау, Шалқар тәрізді су айдындары бар. Бұл көлдер далалық көлдермен салыстырғанда, әлдеқайда үлкен, айдыны кең болып есептеледі. Бірақ, соңғы жылдардағы нақты ғылыми-зерттеулерге назар аударып, сараптамаларды салғастыра зерттесеңіз, осы бір мақтаулы көлдердің өздері ақбас толқындарын жағаға атып, араша сұрап жатқандай. Алдымен, зергер зерлегендей көркем табиғаттың қойнауында күміс толқындары тынымсыз күмпілдеп жататын өзгеше өңді, айрықша салтанатты Зеренді көлі туралы сөз сабақталық. 1956 жылғы есептеу бойынша Зеренді айдынының жалпы аумағы 10,7 шаршы шақырым екен. Жылдар өте келе ақ айдын тартылып, жағалаудан қашып, алыстай түскен. Алыстаған сайын күтпесе құрдымға кететін келешегіндегі қатерді сыбдырлай сыр қылып шертіп айтып жатқандай. Бірақ, көл қасіретін, оның тағдырын ойлау қаперімізге кіріп жатыр ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

Ұлттық парктің экологы, экология магистрі Ерлан Жұмайұлының айтуына қарағанда, негізгі себеп, Зеренді көлінен ат шаптырым-ақ жердегі Бәйтерек су қоймасынан келетін су жолының бітелуі. Егер осы бір мәселе шешілсе, Зеренді көлінің айы оңынан туып, айдыны толықпақ. Ақыл таразысына салсаңыз, қиын да шаруа емес.

Су қоймасынан тартылған құбырлар 1990 жылдары тоналған. Қазір өзі түгіл ізін де таба алмайсыз. Шамасы әлдебір пысықтар Қытай асырып жіберсе керек. Көлді сақтап қалу үшін әуел баста құбыр төселген жылғаларды жаңғыртып, қайта тартса жетіп жатыр.

Су қоймасынан тартылған құбырлар 1990 жылдары тоналған. Қазір өзі түгіл ізін де таба алмайсыз. Шамасы әлдебір пысықтар Қытай асырып жіберсе керек. Көлді сақтап қалу үшін әуел баста құбыр төселген жылғаларды жаңғыртып, қайта тартса жетіп жатыр. Әрине, көп-көрім қаражат керек болар, бірақ, ботаның көзіндей мөлдіреп жатқан, балығы тайдай тулаған көлден қымбат емес қой. Зерлі Зерендінің, жалғыз Зерендінің ғана емес, киелі Көкшенің мақтанышына айналған табиғат сыйын сақтап қалудың ендігі бір жолы, тау беткейіндегі  табиғи су жолдарын аршу.

Көл мен су қоймасының арасынан асфальт жол өтеді. Көктемгі қар суын бөгейтін де осы жол. Қолға алса, түк қиындығы жоқ. Әрине, таспадай тартылған жолды талқандап бұзудың түк те қажеті жоқ. Тек жол табанына ту сонау тау басынан лықсып ағып келетін қызыл су еркін өтіп, көлге құйылатын жылғаны аршу үшін тас жолдың бойына бірнеше жерден кеңдеу құбыр орнатса жетіп жатыр. Ендігі бір мәселе, көл табанын лайдан тазалап, бұлақ көздерін аршу. Қаншама жылдан бері жиектегі қамыс құрақ қаулап өсіп, есепсіз көбейіп кетті. Өсімдіктердің шіріндісі көл түбіне шөгіп, қорысқа айналып жатыр. Табиғаттың өз залалы аздай адам қолымен жасалатын қиянат та жыл өткен сайын үстемеленіп, көбейе түсуде. Айталық, Зеренді селосының қазақ мектеп-интернаты орналасқан аумақтағы табиғи су жолдарының бойында сүзгі жоқ. Сүзгі болмағаннан кейін тұрмыстық қалдық көктемгі қызыл сумен Зеренді көліне құйылып жатыр.

Зеренді ауылының көл жақ беттегі жекеменшік үйлері де жарғабаққа тым таяу. Оны айтасыз, кешегі кеңес заманында бірнеше демалыс орындары да белгіленген талаптың тас-талқанын шығарып, жағалауға жақын салынған. Атап айтқанда, бұрынғы Павлик Морозов атындағы пионер лагерінің ғимараттары көл жиегінде қалқайып әлі тұр.

Тәуелсіздік жылдары бой көтерген «Зерен» демалыс аймағы ерекше қорғалатын аумаққа салынған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Табиғатқа жаны ашымайтын безбүйректер қолынан келсе көлдің үстіне де үй салып алудан тайынатын түрі жоқ. Айналып келгенде осының бәрі аумағы шағын көлді қорысқа айналдыруда.

Тәуелсіздік жылдары бой көтерген «Зерен» демалыс аймағы ерекше қорғалатын аумаққа салынған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Табиғатқа жаны ашымайтын безбүйректер қолынан келсе көлдің үстіне де үй салып алудан тайынатын түрі жоқ. Айналып келгенде осының бәрі аумағы шағын көлді қорысқа айналдыруда.

Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, Зеренді тауының етегінде ертеректе сансыз бұлақ болған екен. Бұлқынып аққан бұлақ суы ту сонау тау етегінен құлдилап ағып, Зеренді көліне құйылатын болған. Қазір көлге жетпей, текке ысырап болып жатыр. Бұл мәселе жалғыз бұл өңірде ғана емес, жалпыға ортақ жай. Айталық, әрідегі Атбасар алабын көктей өтетін Жабай өзені көктем сайын тасиды. Лықсып келген мол су құмды, тастақ жерлердегі жыра, еңіске жетіп жығылып, сіңіп кетеді. Ерлан Жұмайұлының айтуына қарағанда, Көкше баурайындағы жуас өзендердің өзі көктемгі қызыл су жүрген кездің өзінде мінез көрсетуі егістік алқаптарда сүдігер жыртылмайтындықтан.

–Ертеректе боз дала топырағы тығыздалмаған күйі бусанып жатты емес пе? – дейді ғалым, – қар суы еркін сіңіп кететін. Есесіне өзен аңғарлары күн сәл жылынысымен көгеріп шыға келетін. Қар суынан нәр алған жағалаудағы жазық жерлерге мың сан шөп өсетін. Қазір қаптаған техниканың табанында жатқан соң топырақ әбден тығыздалып, су өтпейтін болып қалды. Көктемгі су тасқынының бір себебі осы. Екінші жағынан алып қарағанда, бар әлем зәру болып отырған ылғал далаға кетіп жатыр. Егер табиғи жолдарында тоспа істесек, көктемгі қызыл суды бір жерге жинуға болар еді. Бақша егуге де, мал суаруға да септігі әбден тиеді ғой.

Айтса айтқандай, әнебір жылдары қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта ауылдағы малсақ қауым мал суаратын су көзін таппай қиналған. Мал шаруашылығының адымын алға бастырмай отырған да осы мәселе.

Зеренді көлімен бірге табиғаты талайға таңдай қақтыратын Имантау, Шалқар курортты аймағында да осындай келеңсіз көрініс қалыптасқан. Қос көл де жылдан-жылға тартылып барады. Эколог Ерлан Жұмайұлының зерттеулеріне қарағанда, Имантау көлінің су айдыны  1956 жылы 335 текше шақырым болса, 2021 жылы 311 текше шақырым болған. Яғни, кенересі кеміп келеді. Шалқар көлінің су аумағы 1956 жылы 33,4 шаршы шақырым болса, 2021 жылы 29,1 шаршы шақырымға дейін кеміген. Көл  тереңдігі 1956 жылы 8 метрдің деңгейінде болса, 2021 жылы тайызданып, 6 метрге ғана жеткен. Судың көлемі де кішірейген. Тағы да 1956 жылғы есеп бойынша ол 267 текше шақырымды құраса, 2021 жылы 174 текше шақырымға тең болған. Міне, осы зерттеулерден екі көлдің ернеуі жылдан-жылға шегініп бара жатқанын анық байқауға болады. Көлдердің қораштану, тайыздану себебі де Зеренді көлінің тағдырына тым ұқсас. Сондықтан, бұл арада қайталауды қажет деп таппадық.

Өткен жылы Имантау, Шалқар курортты аймағында 45 мыңға жуық турист тынығыпты деген мәлімет бар. Жаңа бағдарлама қабылданып, туризмді дамытуға белсене кірісу межеленген. Арнайы түзілген бағдарламада әр жыл сайын бүгінгі көлем он есеге өсіріліп, кемінде 400 мың туристі құшақ жая қарсы аламыз деп отыр. Егер табиғаттың келімді-кетімді адам аяғынан да тозатынын ескерсек, Бурабайдай емес, тынығушылар сәл аздау баратын бұл өңір соның өзінде аз ғана уақыттың ішінде ту-талақайы шығуы мүмкін. Неге десеңіз, 400 мың туристі қарсы алатын әлеует әзірге жоқ. Инфрақұрылымы жетімсіз. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, қарақұрым халық  анығырақ айтқанда, туристер  қаптап келді екен деңіз. Суағарлар жоқ, жағажай бәзбаяғы тұмса күйінде, тұрмыстық қалдықтарды жинастыратын арнайы орындар жасақталмаған. Сонда не болады? Бүгінгі күнге жылап көрісетін шығармыз.

Әрине, туризм табыс көзі екендігі белгілі. Бірақ, табысқа қызыққанымызбен табиғат залал шекпеуі керек қой. Өткен жылы демалған 45 мың туристің әрбір тоғызыншысы іргедегі Ресей елінен келіпті. Оларға арнайы демалыс орындарының түкке де қажеті жоқ. Баяғы Столыпин реформасынан кейін шабатасын сүйретіп келген мұжықтар тәрізді шатырларын құрып, қостарын тігіп, жаз бойы демалып жата береді.

Өткен жылы дем алған 45 мың туристің әрбір тоғызыншысы іргедегі Ресей елінен келіпті. Оларға арнайы демалыс орындарының түкке де қажеті жоқ. Баяғы Столыпин реформасынан кейін шабатасын сүйретіп келген мұжықтар тәрізді шатырларын құрып, қостарын тігіп, жаз бойы демалып жата береді.

Ұлттық парк аумағына кіргені үшін төлейтін қаржы 400 теңге төңірегінде. Содан бір орналасып алып, қоңыр күзге дейін шықпайды. Айлап жатқан әлгі жұрт  саңырауқұлағын, жеміс-жидегін теріп, балығын аулап, тосабын қайнатып, ырғалып-жырғалып бір-ақ қайтады. Сондағы төлегені жаңағы 400 теңге. Ал, табиғатқа келген залал ше? Түсіретін кірісі жоқ дәл осындай турист бізге қажет пе? Әрине, туризмді дамытқан дұрыс. Ол үшін белгіленген тәртіпке орай заманауи демалыс орындары салынып, толымды ақысы да алынуы керек қой. Сонда ғана қайтарымы болатын шығар.

Қазір үш шалқар шағым айтып, естір құлақ іздеуде. Көл мұңына көңіл аударатын қайсың барсың?!

Дереккөз:  https://arka-azhary.kz/2023/02/06/k-ri-k-lderdi-m-yna-la-asatyn-kimder-bar/