РГУ "Государственный национальный природный парк "Кокшетау"
Түз тағысына қарайласып…
Биылғы қыс қорадағы малға ғана емес, құла түздегі тағыға да тақсыретін тарттырып тұр. Желтоқсан туа жауған қалың нөсер мұз болып қатып, қолат-қойнау сіресіп тұр.
Қаңтар туа Көкше даласына елік қаптаған. Аң жайын білетіндер алуан түрлі жорамал айтып жатыр. Іргедегі Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін қалың орманының бауырында өсіп-өнген, биыл біздің жаққа ауа көшкен аң дескен. Бәлкім ол жақта да бір зобалаң туды ма екен, кім білсін? Бұрынғы қазақ «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демеуші ме еді. Бұған дейін елік ілуде біреу ғана кездесетін. Оның өзінде де екеу-үшеу. Ал қазір қой тәрізді табын-табынымен босып жүр.
Орман іші желсіз, тымық екен. Мәңгі жасыл қарағайлар ақ тымағын баса киіп, аппақ шапанын жамылып мүлгіп тұр. Қыратта қар аз болғанымен, ұйытқи соққан жел қар атаулыны орман ішіне қуып тығып, нығыздай кептеп, мелдектете толтырып тастапты. Күнге бой сап биік өскен қарағайдың ұйыса біткен қалың бұтағының арасынан әлдебір қоңыр аң жай оғындай жылт етті де, жоқ болды. Тосын жайды қалта телефонымызға түсіріп алмақ болып жанұшыра жан қалтамызға қол салып едік, үлгермедік.
– Сізден аңшы шықпайды екен, – деп күлді «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ербол Сағдиев. – Орман сусары ғой. Адамды жақындатпайды, өте сақ аң. Өз бағасын білетін болуы керек, оқшау жүреді.
– Қызыл кітапқа енген аң емес пе? – деп сұрадық біз.
– Иә, бізде оннан аса осындай аң түрі бар. Барлығы қатаң қадағаланады. Жыл сайын көбейіп, өсіп келеді, – деді парктің бас директоры.
Түсіріп үлгермегенмен, кескіні көз алдымызда. Денесінің ұзындығы – 50-60 сантиметр шамасында. Кеудесінде бұршақ таңбасындай ағы бар екен.
– Биылғы қыс қауіп төндіріп тұрған жоқ па? – деп сұрадық біз парк басшысынан.
– Әр жыл сайын қысқа қапысыз қамданамыз. Биыл 277 тонна шөп, 109 тонна жем, 31 мыңнан аса жапырақ бумалары дайындалды. Одан өзге де бірнеше түрлі аң азықтары қамдалған. Қыс бойы аңдарды азықтандыратын алқаптар қардан аршылып, тазаланып отырылады. Парк аумағында 500-ге тарта алаң бар. Сол жерлерге жемшөптің оттықтары орнатылып, тұз қойылған, – дейді Ербол Болатұлы.
Алаңқайда маң-маң басқан бұғы кетіп барады. Адам қарасын көрсе де жатырқайтын емес. Бәлкім, түз тағысы азығын ұсынған адамды қамқоршым деп танитын шығар. Көрікті Көкшенің лайықты мақтанышына айналған ұлттық парктің аң-құсы ғана емес, ен далада еркін жайылған, осы топырақта өсіп-өнген баршасы Арқаның аязынан аман болса екен.